Мәселе

386 0

Ауғанстандағы қандастар Қазақстанға қайтарыла ма?

Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесі қарастырылып жатыр. БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі агенттіктерінің қашықтағы уақытша кеңсесі Алматы қаласына орналастырылды. Мұны бүгін Ақордада он мемлекеттің жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамоларын қабылдаған кезде Мемлекет басшысы айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, халықаралық мәселелер төңірегінде пікір білдірді.

Ақордаға бүгін Эстония, Әзербайжан, Қырғыз, Испания, Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландия, Румыния, Италия, Германия, Бельгия елшілері мен Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы әрі елші жиналды. Дипломаттар Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтады. Құттықтады да Президент Әкімшілігі мен Үкімет,,, елшілердің жұмысын жоғары деңгейде орындауына қолдау көрсететінін айтты. Кейін еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті 

Биыл біз Қазақстан тәуелсіздігінің отыз жылдығын атап өтеміз. Бұл – біз үшін маңызды кезең. Осы жылдар ішінде еліміз ішкі тұрақтылығымен, экономикалық өсімімен және сыртқы саясаттағы орнықты ұстанымымен танылды. Биылғы Жолдауымда экономикалық реформалар туралы жан-жақты айттым. Сонымен қатар демократиялық құндылықтарды, адам құқықтарын және заң үстемдігін ілгерілетуге бағытталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. 

АУҒАНСТАНДАҒЫ ҚАНДАСТАР ЕЛГЕ ҚАЙТАРЫЛА МА? 

Елдегі өзгерістерге тоқталған соң Президент халықаралық мәселелер төңірегінде де пікір білдірді. Ауғанстандағы қандастарымызды елге қайтаруды қарастырып жатырмыз деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

 – Ауғанстандағы шиеленіскен мәселелерді реттеу үшін Қазақстан шетелдік серіктестерімен тізе қосып жұмыс істеп келеді. Біз, ең алдымен, сол жердегі отандастарымызды ұйымдасқан түрде эвакуациялауды қамтамасыз еттік. Енді біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз. Гуманитарлық ұстанымдарға сәйкес, ауғанстандық 57 студенттің білім беру визаларын ұзарттық. Сонымен қатар бортында шетел азаматтары бар ұшақтарға жанармай құю үшін транзиттік әуе дәліздері мен қону алаңдарын ұсындық. БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі агенттіктерінің қашықтағы уақытша кеңсесі Алматы қаласына орналастырылды. 

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы еліміздің Covid-19-ға қарсы жұмысына да тоқталды. Қауіп-қатерлермен күресте күш біріктіргеніміз абзал екенін атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті: 

– Қазір адамзат Covid-19 пандемиясынан медициналық, әлеуметтік және экономикалық дағдарыстан зардап шегуде. Бұл халықаралық жүйенің ғаламдық төтенше жағдайларға қаншалықты дайын емес екенін көрсетті. Пандемиямен күресте Қазақстан өзінің жаһандық серіктестерімен ынтымақтастықтың арқасында Ресейден, Қытайдан және АҚШ-тан вакциналар жеткізуді қамтамасыз етіп келеді. Еліміз тиімді және, ең бастысы, қауіпсіз вакцина жасап шығарды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алғаннан кейін біз оларды шетелдерге жеткізе аламыз. Пандемия, жаппай қырып-жою қаруының таралуы және климаттың өзгеруі сияқты ғаламдық қауіп-қатерлермен күресте күш біріктіргеніміз абзал. Ядролық қарудан азат әлем құру – Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыты болып қала беретінін атап өткім келеді. Мен былтыр БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің аясында биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құруды ұсынып, жаһандық күн тәртібінің тағы бір өлшемін ұсындым. 

Президент Эстония елшісіне екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын айтты. Ал, Әзербайжанды Қазақстанның Еуразиялық кеңістіктегі, Каспий өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі деді. Испания да екіжақты және көпжақты деңгейдегі сенімді саяси серіктесіміз. Өңдеу, тау-кен өнеркәсібі, инфрақұрылым, баламалы энергия көздері, тамақ өндірісі, денсаулық сақтау, білім беру және туризм сияқты салаларды өркендету үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылмақ. Ал, Біріккен Корольдік экономикамыздағы бесінші ірі инвестор саналады. Жуырда Қазақстан мен Ұлыбритания арасында Жасыл экономика саласындағы бірлескен саяси декларация мен ынтымақтастықтың жол картасына қол қойылмақ. 

БІРІККЕН КОРОЛЬДІКТІҢ ЕЛШІСІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕДІ 

Қазақ еліне деген құрметі болса керек, Біріккен Корольдіктің елшісі қазақ тілінде сөйледі. 

Румыниямен де байланыс жоғары. Екі елде екі үлкен нарықтың ортасында орналасқан. Біз жақта Қытай, Ресей, Орталық Азия және Каспий аймағы бар. Румыния Еуропалық Одақ пен Қара теңіз аймағын қамтып жатыр. Бұл кәсіпорындарымызға мұнай-газ өнеркәсібінен бөлек өзге де салаларда ынтымақтастықты арттыруға зор мүмкіндік. Біздің ел Еуропалық Одақтағы сенімді серіктес Италиямен арадағы қарым-қатынасты арды одан әрі нығайтуға бейілді. Ресми Рим – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Германиямен де берік қатынас бар. Технология, білім беру және әлеуметтік интеграцияда жетекші рөлге ие немістермен де байланыс одан әрі нығая түспек. Ал, Брюссельге жоспарланған сапарым біздің қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге шығарады деді Президент. Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы, елші Кестутис Янкаускасқа Брюссельге жасайтын сапары Еуропалық Одақты да қамтитынын жеткізді. Көршіміз, бір туған Қырғыз елімен де байланыс жандана түседі. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдың басында Бішкекке баратынын жеткізді. Сөйтіп Президент салтанатты рәсім соңында елшілер арқылы мемлекет және үкімет басшыларына сәлемі мен игі тілегін жолдады. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: